ДССССРБСЖМСНЖК
2016 жылғы 10 қазанда 2016 жылғы 7 сәуірдегі № 486-V ҚРЗ «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне еңді

Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы
Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 7 сәуiрдегi № 486-V ҚРЗ

Осы Заң жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын тарту есебiнен тұрғын үйлердiң (тұрғын ғимараттардың) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу жөнiндегi қызметке байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт тараптарының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау кепiлдiктерiн белгiлейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) кепiлдiк — Тұрғын үй құрылысына кепiлдiк беру қорының кепiлдiк беру жағдайы туындаған кезде тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтауды ұйымдастыру және үлескерлерге тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттар бойынша тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестерiн беру жөнiндегi мiндеттемесi;

2) кепiлдiк беру жағдайы — олар басталған кезде Тұрғын үй құрылысына кепiлдiк беру қорында тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтау жөнiндегi мiндеттеме және тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуға кепiлдiк беру туралы шарт бойынша үлескерлердiң алдында жауапкершiлiк туындайтын, осы Заңда айқындалған жағдай немесе жағдайлар жиынтығы;

3) кепiлдiк жарна — уәкiлеттi компанияның тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуға кепiлдiк беру туралы шарт бойынша Тұрғын үй құрылысына кепiлдiк беру қорына төлейтiн ақша сомасы;

4) кепiлдiк мерзiмi — тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы объектiлерiнiң Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне және Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамасына сәйкес белгiленген пайдалану мерзiмi, осы мерзiм iшiнде құрылыс салушы, уәкiлеттi компания және мердiгер (бас мердiгер) жобалау-сметалық құжаттамаға және тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа сәйкес тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы объектiсi көрсеткiштерiнiң сапасын сақтауға кепiлдiк бередi;

5) кiдiрту талабы — кепiлдiк беру жағдайы туындаған кезде тараптарда талаптар қоюдың басталуымен уәкiлеттi компанияның дауыс беретiн акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сенiмгерлiк басқару шарты бойынша құқықтар мен мiндеттер туындайтын талап немесе талаптар жиынтығы;

6) тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлес — тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартты орындау үшiн салынған тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрамына кiретiн, үлескерге берiлетiн тұрғын немесе тұрғын емес үй-жай;

7) тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) жобалау құны (бұдан әрi — жобалау құны) — құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны, жобаны басқаруға, авторлық және техникалық қадағалауға жұмсалатын шығындар, қарыздар бойынша сыйақы және осы Заңда көзделген өзге де шығыстар;

8) тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) қаңқасы — ауырлық пен әсердi көтерiп тұратын, тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) берiктiгiн, қаттылығын және орнықтылығын қамтамасыз ететiн, тiрек конструкциялары, жабын және төсем конструкциялары бар, тiрек жүйе (тiреуiш);

9) Тұрғын үй құрылысына кепiлдiк беру қоры (бұдан әрi — Кепiлдiк беру қоры) — жарғылық капиталына мемлекет тiкелей немесе жанама қатысатын, акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанындағы, кепiлдiк беру жағдайы туындаған кезде құрылысты аяқтауға және үлескерлерге тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестерiн беруге кепiлдiк беретiн коммерциялық емес ұйым;

10) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу — тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа негiзделген қатынастары;

11) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуға кепiлдiк беру туралы шарт (бұдан әрi — кепiлдiк беру туралы шарт) — Кепiлдiк беру қоры, құрылыс салушы және уәкiлеттi компания арасында осы Заңда айқындалатын тәртiппен және талаптармен жасалатын шарт;

12) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуға қатысушылар — құрылыс салушы, уәкiлеттi компания, мердiгер (бас мердiгер), екiншi деңгейдегi банк, инжинирингтiк компания, Кепiлдiк беру қоры және үлескер;

13) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы инжинирингтiк компания (бұдан әрi — инжинирингтiк компания) — сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында инжинирингтiк көрсетiлетiн қызметтердi жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен аккредиттелген және осы Заңның талаптарына сәйкес келетiн заңды тұлға;

14) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы инжинирингтiк көрсетiлетiн қызметтер — сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында, оның iшiнде тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысы барысына мониторинг бойынша және тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысына бағытталған ақшаның нысаналы жұмсалуына бақылау жасау бойынша инжинирингтiк көрсетiлетiн қызметтер кешенi;

15) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы құрылыс салушы (бұдан әрi — құрылыс салушы) — уәкiлеттi компанияның жарғылық капиталына қатысу арқылы, тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi өзiнiң меншiктi және (немесе) тартылған ақшасы есебiнен жүзеге асыратын заңды тұлға;

16) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi — уәкiлеттi орган) — тұрғын үй құрылысындағы үлестiк қатысу саласында басқаруды, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

17) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт — уәкiлеттi компания мен үлескер арасында жасалатын, бiр тарап тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталған соң екiншi тарапқа тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлесiн беруге мiндеттенетiн, ал екiншi тарап төлем жүргiзуге және тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлесiн қабылдауға мiндеттенетiн, тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысумен байланысты құқықтық қатынастарын реттейтiн шарт;

18) уәкiлеттi компания — дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) жүз пайызы құрылыс салушыға тиесiлi, тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) үлестiк құрылысын және тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестердi өткiзудi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақтардағы қызметтi қоспағанда, қандай да бiр өзге коммерциялық қызметпен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлға;

19) үлескер — тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестi алу мақсатында тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартты жасасқан жеке тұлға (уақытша болатын шетелдiктердi қоспағанда) немесе заңды тұлға;

20) шағын қабатты құрылыс — жер үстiндегi биiктiгi үш қабаттан аспайтын (мансардты есептемегенде) шағын қабатты тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар), оның iшiнде әрқайсысының пәтер маңындағы учаскеге шығу жолы бар оқшауланған тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар).

2-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамасы осы Заңда реттелмеген бөлiгiнде тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу қатынастарына қолданылады.

3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Осы Заң бiр тарап тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын қамтамасыз етудi және құрылыс аяқталған соң екiншi тарапқа тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларын беруге мiндеттенетiн, ал екiншi тарап төлем жүргiзуге және тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларын қабылдауға мiндеттенетiн қатынастарға қолданылады.

2. Тұрғын үйлердi (тұрғын ғимараттарды) салу үшiн жеке және заңды тұлғалардың ақшасын осы Заңда белгiленген талаптарды бұза отырып тартуға тыйым салынады. Осы Заңның талаптарын бұза отырып құрылыс үшiн жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту жөнiнде жүргiзiлген мәмiле жарамсыз деп танылады.

3. Осы Заңның ережелерi тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттарды жасасу бөлiгiнде құрылыс салушының және (немесе) уәкiлеттi компанияның контрагенттерiне, олармен тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестермен есеп айырысқан жағдайда қолданылады.

4. Осы Заңның күшi:

1) мемлекеттiк сатып алуларға;

2) Кепiлдiк беру қорын қоспағанда, акцияларының бақылау пакетiне тiкелей немесе жанама түрде мемлекет иелiк ететiн заңды тұлғалардың тұрғын үй құрылысына немесе құрылыс ұйымдарына объектiнi пайдалануға бергенге дейiн құрылыс объектiсiндегi тұрғын және (немесе) тұрғын емес үй-жайларды өткiзу құқығынсыз инвестициялауға;

3) салынып жатқан тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) тұрғын және (немесе) тұрғын емес үй-жайларды ол пайдалануға берiлгенге дейiн жеке және (немесе) заңды тұлғаларға сату (талап ету құқықтарын басқаға беру) құқығынсыз салынып жатқан тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) тұрғын және (немесе) тұрғын емес үй-жайларды заңды тұлғалардың ғана сатып алуына;

4) шағын қабатты құрылысқа байланысты қатынастарға қолданылмайды.

2-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҮЛЕСТIК ҚАТЫСУ

САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

4-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы құзыретi

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы құзыретiне:

1) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу және оларды жүзеге асыруды ұйымдастыру;

2) Кепiлдiк беру қорын құру (айқындау);

3) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.

5-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

Уәкiлеттi орган:

1) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

2) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттың үлгiлiк нысанын әзiрлейдi және бекiтедi;

3) кепiлдiк беру туралы шарттың үлгiлiк нысанын әзiрлейдi және бекiтедi;

4) жергiлiктi атқарушы органдардың тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттарды, сондай-ақ олар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргiзу қағидаларын әзiрлейдi және бекiтедi;

5) құрылысы аяқталмаған объектiмен бiрге жер учаскесiн кепiлге қою шартының үлгiлiк нысанын әзiрлейдi және бекiтедi;

6) уәкiлеттi компанияның дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) кепiл шартының үлгiлiк нысанын әзiрлейдi және бекiтедi;

7) уәкiлеттi компанияның дауыс беретiн акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) cенiмгерлiк басқару шартының үлгiлiк нысанын әзiрлейдi және бекiтедi;

8) кепiлдiк жарнаның мөлшерiн айқындау әдiстемесiн әзiрлейдi және бекiтедi;

9) капиталдың жеткiлiктiлiк нормативiн айқындау әдiстемесiн әзiрлейдi және бекiтедi;

10) кепiлдiк беру жағдайларын реттеуге арналған резервтi есептеу және қалыптастыру әдiстемесiн әзiрлейдi және бекiтедi;

11) үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат беру қағидаларын әзiрлейдi және бекiтедi;

12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

6-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласында:

1) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамасына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу объектiлерiнiң құрылысына қатысушылардың қызметiн мемлекеттiк реттеудi жүзеге асырады;

2) үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсаттар бередi;

3) үлескерлердiң ақшасын тартуға берiлген рұқсаттардың есебiн жүргiзедi;

4) тоқсан сайын, есептi кезеңнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей уәкiлеттi органға үлескерлердiң ақшасын тартуға берiлген рұқсаттар туралы ақпарат бередi;

5) тұрғын үй құрылысындағы үлестiк қатысу объектiлерiнiң құрылысы барысына мониторингтi жүзеге асыру үшiн құрылыс салушылардан, уәкiлеттi компаниялардан, инжинирингтiк компаниялардан және Кепiлдiк беру қорынан қажеттi материалдар мен құжаттарды сұратады;

6) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласында мемлекеттiк бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

7) өздерiнiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асырады;

8) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысудың қатысушыларымен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;

9) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттарды,

сондай-ақ олар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргiзедi;

10) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүдделерiнде жергiлiктi атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

3-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҮЛЕСТIК ҚАТЫСУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ

7-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру тәсiлдерi

1. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу:

1) Кепiлдiк беру қорынан кепiлдiк алу;

2) екiншi деңгейдегi банктiң жобаға қатысуы;

3) тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейiн үлескерлердiң ақшасын тарту тәсiлдерiнiң бiрi арқылы ұйымдастырылады.

2. Тұрғын үйлердiң (тұрғын ғимараттардың) құрылысы үшiн осы бапта көзделмеген өзге де тәсiлдермен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады.

8-бап. Кепiлдiк беру қорының кепiлдiгiн алу тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру

1. Кепiлдiк беру қорының кепiлдiгiн алу тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметтi жүзеге асыру үшiн құрылыс салушы мынадай:

1) республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы құрылыста жалпы алаңы кемiнде он сегiз мың шаршы метр және басқа да әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердегi құрылыста кемiнде тоғыз мың шаршы метр тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) құрылысының объектiлерiн өткiзу, оның iшiнде тапсырыс берушi, мердiгер (бас мердiгер) ретiнде жиынтығында кемiнде үш жыл тәжiрибесiнiң болуы;

2) өзiнiң қаржылық есептiлiгiне сәйкес соңғы екi қаржы жылында аудиторлық қорытындымен расталған шығынсыз қызметiнiң болуы;

3) қарыз және меншiктi капиталының арақатынасы арқылы есептелген коэффициент шамасы тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын салудың оны пайдалануға қабылдағанға дейiнгi бүкiл мерзiмi iшiнде жетiден аспауы талаптарына сай болуға мiндеттi.

2. Кепiлдiк беру қорының кепiлдiгiн алу тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру үшiн құрылыс салушы бiр мезгiлде бiр құрылыс жобасынан көп емес қызметтi жүзеге асыратын уәкiлеттi компания құрады.

Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бiр жер учаскесiнде (бөлiп беруде) бiрнеше құрылыс объектiлерiн көздеуi мүмкiн.

Құрылыс салушы осы Заңның 15-бабына сәйкес үлескерлерге тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) олардың үлестерiн беру жөнiндегi өз мiндеттемелерiн орындаған уәкiлеттi компанияны тартуға құқылы.

3. Кепiлдiк беру қорының кепiлдiгiн алу тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру үшiн уәкiлеттi компанияның:

1) мемлекет берген уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншiк құқығымен тиесiлi жер учаскесi;

2) кешендi ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы;

3) осы Заңның 20-бабына сәйкес жұмсау үшiн жоспарланған ақшасы және (немесе) егер жер учаскесi меншiк құқығымен тиесiлi болса, жобалық құнының кемiнде он пайызы көлемiнде немесе егер жер учаскесi мемлекет берген уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен тиесiлi болса, жобалық құнының кемiнде он бес пайызы көлемiнде орындалған жұмыстар актiлерiмен расталған аяқталмаған құрылысы;

4) құжаттарды қарағаны үшiн комиссияны, кепiлдiк беру туралы шарт бойынша кепiлдiк жарнаны төлеуге арналған ақшасы;

5) тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының мердiгерлiк шарты болуы мiндеттi.

4. Осы баптың 3-тармағында айқындалған мүлiк қандай да бiр ауыртпалықтардан, құқықтардан және үшiншi тұлғалардың талаптарынан еркiн болуға тиiс.

5. Құрылыс салушы мен уәкiлеттi компания осы бапта белгiленген талаптарға сай болған кезде Кепiлдiк беру қоры тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылыс жобасы бойынша құжаттарды уәкiлеттi орган бекiткен тәртiппен тексерудi жүргiзедi және кепiлдiк беру туралы шарт жасасады.

6. Кепiлдiк беру туралы жасалған шарт үлескерлердiң ақшасын тарту үшiн негiз болып табылады және құрылыс салушының және уәкiлеттi компанияның үлескерлердiң ақшасын тартуға жергiлiктi атқарушы органнан рұқсат алуын қажет етпейдi.

7. Осы Заңның талаптарын орындау мақсатында құрылыс салушы Кепiлдiк беру қорына аудиторлық қорытындымен расталған жылдық қаржылық есептiлiктi және уәкiлеттi компания Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасына сәйкес тоқсан сайынғы қаржылық есептiлiктi кепiлдiк беру туралы шарттың қолданылуы iшiнде ұсынады.

9-бап. Екiншi деңгейдегi банктiң жобаға қатысуы тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру

1. Екiншi деңгейдегi банктiң жобаға қатысуы тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметтi жүзеге асыру үшiн құрылыс салушының республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы құрылыста жалпы алаңы кемiнде он сегiз мың шаршы метр және басқа да әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердегi құрылыста кемiнде тоғыз мың шаршы метр тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) құрылысының объектiлерiн өткiзу, оның iшiнде тапсырыс берушi, мердiгер (бас мердiгер) ретiнде жиынтығында кемiнде үш жыл тәжiрибесi болуы тиiс.

2. Екiншi деңгейдегi банктiң жобаға қатысуы тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру үшiн құрылыс салушы бiр мезгiлде бiр құрылыс жобасынан көп емес қызметтi жүзеге асыратын уәкiлеттi компания құрады.

Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бiр жер учаскесiнде (бөлiп беруде) бiрнеше құрылыс объектiлерiн көздеуi мүмкiн.

Құрылыс салушы осы Заңның 15-бабына сәйкес үлескерлерге тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) олардың үлестерiн беру жөнiндегi өз мiндеттемелерiн орындаған уәкiлеттi компанияны тартуға құқылы.

3. Екiншi деңгейдегi банктiң жобаға қатысуы тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру үшiн уәкiлеттi компанияның:

1) мемлекет берген уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншiк құқығымен тиесiлi жер учаскесi;

2) кешендi ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы болуы мiндеттi.

4. Осы баптың 3-тармағында айқындалған мүлiк, бiр жер учаскесiнде (бөлiп беруде) құрылысты қаржыландыратын екiншi деңгейдегi банкте кепiлде болуы мүмкiн жер учаскесiн қоспағанда, қандай да бiр ауыртпалықтардан, құқықтардан және үшiншi тұлғалардың талаптарынан еркiн болуға тиiс.

5. Құрылыс салушы және уәкiлеттi компания осы бапта белгiленген талаптарға сай болған кезде құрылыс салушы және (немесе) уәкiлеттi компания құрылысты аяқтау үшiн жеткiлiктi сомаға тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысын қаржыландыруға әзiрлiгi туралы екiншi деңгейдегi

банктiң шешiмiн алу үшiн екiншi деңгейдегi банкке өтiнiш жасайды.

Екiншi деңгейдегi банк тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) қаржыландыруға әзiр болған жағдайда инжинирингтiк компаниямен шарт жасасады.

6. Құрылыс салушы және уәкiлеттi компания осы бапта белгiленген талаптарға сай болған жағдайда, құрылыс салушы мен уәкiлеттi компания облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органына осы Заңның 18-бабында белгiленген тәртiппен үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат алу үшiн өтiнiш жасайды.

7. Екiншi деңгейдегi банк инжинирингтiк компания растаған, тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейiн ғана осы Заңның 20-бабында белгiленген талаптарды ескере отырып, уәкiлеттi компанияның банктiк шотындағы үлескерлердiң ақшасын пайдалану туралы шешiм қабылдауға құқылы.

8. Осы баптың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген мүлiк тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт жергiлiктi атқарушы органда тiркелген кезден бастап үлескерлердiң кепiлдiгiнде деп есептеледi.

9. Екiншi деңгейдегi банк осы баптың 3-тармағының 1) және

2) тармақшаларында көрсетiлген кепiлге қойылған мүлiктi өткiзу туралы шешiм қабылдаған кезде кепiлге қойылған мүлiктi өткiзуден түскен ақша ақшаны қайтару туралы талап қойған үлескерлердiң және екiншi деңгейдегi банктiң талаптарын қанағаттандыруға бағытталады. Кепiлге қойылған мүлiктi өткiзуден түскен ақша жеткiлiксiз болған кезде осы мүлiкке өндiрiп алуды қолдануға және оны өткiзуге байланысты шығыстарды жабу үшiн қажеттi сомаларды ұстап қалғаннан кейiнгi айырма үлескерлер мен екiншi деңгейдегi банк арасында осы талаптарды қанағаттандыру кезiндегi олардың талаптарының мөлшерлерiне пропорционалды түрде бөлiнедi.

10. Кепiлге қойылған мүлiк өткiзiлген жария сауда-саттық өткiзу күнiне дейiн өз талаптарын мәлiмдемеген үлескерлерге берiлуге тиiстi ақша тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттың талаптарына сәйкес банктiк салым шотына бағытталады.

Кепiлге қойылған мүлiкке өндiрiп алуды қолданған және оны өткiзген кезде екiншi деңгейдегi банк тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт жасалған кезден бастап үлескерлердiң сенiм бiлдiрiлген тұлғасы деп танылады.

11. Уәкiлеттi компания осы Заңның 17-бабында белгiленген тәртiппен үлескерге тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлесiн берген кезден бастап кепiл құқығы тоқтатылады.

10-бап. Тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейiн үлескерлердiң ақшасын тарту тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру

1. Тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейiн үлескерлердiң ақшасын тарту тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметтi жүзеге асыру үшiн құрылыс салушы соңғы бес жыл бойы, оның iшiнде тапсырыс берушi, мердiгер (бас мердiгер) ретiнде республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы құрылыс кезiнде жиынтығында жалпы алаңы кемiнде алпыс мың шаршы метр және басқа да әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердегi құрылыс кезiнде кемiнде отыз мың шаршы метр тұрғын үйлердi (тұрғын ғимараттарды) Қазақстан Республикасының аумағында салуға және пайдалануға беруге мiндеттi. Бұл ретте құрылыс салушының еншiлес мекемелерiнiң жиынтық тәжiрибесi ескерiледi.

2. Тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейiн үлескерлердiң ақшасын тарту тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру үшiн құрылыс салушы бiр мезгiлде бiр құрылыс жобасынан көп емес қызметтi жүзеге асыратын уәкiлеттi компанияны құрады.

Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бiр жер учаскесiнде (бөлiп беруде) бiрнеше құрылыс объектiлерiн көздеуi мүмкiн.

Құрылыс салушы осы Заңның 15-бабына сәйкес үлескерлерге тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) олардың үлестерiн беру жөнiндегi өз мiндеттемелерiн орындаған уәкiлеттi компанияны тартуға құқылы.

3. Тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейiн үлескерлердiң ақшасын тарту тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру үшiн уәкiлеттi компанияның:

1) мемлекет берген уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншiк құқығымен тиесiлi жер учаскесi;

2) кешендi ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы;

3) инжинирингтiк компанияның есебiмен расталған тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) қаңқасының аяқталған құрылысының болуы;

4) инжинирингтiк компаниямен шарты болуы мiндеттi.

4. Осы баптың 3-тармағында айқындалған мүлiк қандай да бiр ауыртпалықтардан, құқықтардан және үшiншi тұлғалардың талаптарынан еркiн болуға тиiс.

5. Құрылыс салушы және уәкiлеттi компания осы бапта белгiленген талаптарға сай болған жағдайда, құрылыс салушы мен уәкiлеттi компания облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органына осы Заңның 18-бабында белгiленген тәртiппен үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат алу үшiн өтiнiш жасайды.

6. Уәкiлеттi компания үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат алғаннан кейiн тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын осы Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес үлескерлердiң ақшасын тарту тәсiлiмен ұйымдастырады.

7. Осы баптың 3-тармағының 1), 2) және 3)тармақшаларында көрсетiлген мүлiк тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт жергiлiктi атқарушы органда тiркелген кезден бастап үлескерлердiң кепiлдiгiнде деп есептеледi.

8. Осы баптың 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлген мүлiктi кепiлге беруге жол берiлмейдi.

9. Уәкiлеттi компания тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысын аяқтау жөнiндегi мiндеттемелердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда үлескерлер Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес уәкiлеттi компанияның банкроттық рәсiмiне бастамашылық жасауға құқылы.

10. Уәкiлеттi компания банкрот болған жағдайда үлескерлер тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысын аяқтау үшiн Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй құрылысы кооперативiн құруға құқылы.

11. Уәкiлеттi компания осы Заңның 17-бабында белгiленген тәртiппен үлескерге тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлесiн берген кезден бастап кепiл құқығы тоқтатылады.

4-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҮЛЕСТIК ҚАТЫСУ ТУРАЛЫ ШАРТ

11-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт

1. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт жазбаша нысанда жасалады және осы Заңның 12-бабында көзделген тәртiппен тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) орналасқан жерiндегi жергiлiктi атқарушы органда оны есепке қойған кезден бастап жасалған болып есептеледi.

2. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттың тараптары iс жүзiндегi мекенжайының және (немесе) басқа жеке деректерiнiң өзгеруi туралы күнтiзбелiк отыз күн iшiнде бiр-бiрiне жазбаша хабарлауға тиiс.

12-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттарды есепке алу

1. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт, оған енгiзiлетiн өзгерiстер және (немесе) толықтырулар, сондай-ақ талап ету құқығын басқаға беру туралы шарт уәкiлеттi компанияның ұсынысы бойынша тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) орналасқан жерiндегi жергiлiктi атқарушы органда есепке алуға жатады.

2. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартты есепке алу уәкiлеттi орган бекiткен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттарды, сондай-ақ олар бойынша талап ету құқығын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргiзу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

13-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартты өзгерту және бұзу

1. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа ол жасалғаннан кейiн тараптардың келiсуi бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртiппен өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Мұндай жағдайларда тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа қосымша келiсiмдер де жергiлiктi атқарушы органдарда есепке алуға жатады.

2. Үлескердiң тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруiне ол шарттың бағасын төлегеннен кейiн немесе бiр мезгiлде, уәкiлеттi компания келiскен жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес борышын қолма-қол емес тәртiппен жаңа үлескерге аударғаннан кейiн ғана жол берiледi.

3. Үлескердiң тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруiне тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) орналасқан жерiндегi жергiлiктi атқарушы органда есепке алынған кезден бастап тараптар салынған тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестi беру туралы тапсыру актiсiне қол қойған кезге дейiн жол берiледi.

4. Үлескер — жеке тұлға қайтыс болған немесе ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда, оның тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мұрагерлерiне ауысады.

14-бап. Үлескердiң құқықтары мен мiндеттерi

1. Үлескер:

1) осы Заңның 22-бабында айқындалған ақпаратты алуға;

2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртiппен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруге;

3) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттың талаптарын уәкiлеттi компанияның тиiсiнше орындауын талап етуге құқылы.

2. Үлескер:

1) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа сәйкес уәкiлеттi компанияның банктiк шотына қолма-қол емес тәртiппен ақша салуға;

2) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттың талаптарын уақтылы орындауға;

3) тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) тiркелген пайдалануға қабылдау актiсi болған кезде үлескер уәкiлеттi компаниядан хабарлама алған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде үлесiн беру туралы шартқа қол қоя отырып, тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлесiн қабылдауға;

4) iс жүзiндегi мекенжайы және (немесе) басқа да дербес деректерi өзгерген жағдайда бұл туралы уәкiлеттi компанияны күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.

15-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша мiндеттемелердi орындау

1. Үлескердiң тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартта көзделген үлестiң құнын төлеуi төлемдердi шартта белгiленген мерзiмде уәкiлеттi компанияның банк шотына салу арқылы жүргiзiледi.

2. Үлескердiң мiндеттемелерi ол үлестiң құнын толық көлемде төлеген және оны тұрғын үйден (тұрғын ғимараттан) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа сәйкес қабылдап алған кезден бастап орындалған болып есептеледi.

3. Құрылыс салушының және (немесе) уәкiлеттi компанияның тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестi беру жөнiндегi мiндеттемелерi тұрғын үй (тұрғын ғимарат) пайдалануға қабылдап алынған және тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлесiн беру туралы шартқа тараптар қол қойған кезден бастап орындалған болып есептеледi.

4. Мердiгердiң (бас мердiгердiң) кепiлдiктi мерзiм бойынша мiндеттемелерi ол кепiлдiктi мерзiм кезеңiнде туындаған, жобалау-сметалық құжаттамада және тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартта көрсетiлген тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы көрсеткiштерi сәйкестiгiнiң бұзушылықтарын жою жөнiндегi мiндеттемелерiн орындағаннан кейiн орындалған болып есептеледi.

5. Тұрғызылған тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлес үлескерге iс жүзiнде берiлгенге дейiн оның кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну тәуекелiн уәкiлеттi компания көтередi. Тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлес iс жүзiнде берiлгеннен кейiн кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну тәуекелi үлескерге өтедi.

16-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша тараптардың жауапкершiлiгi

1. Уәкiлеттi компания құрылыстың барысы мен сапасына бақылауды қамтамасыз ету бойынша жауапты болады.

2. Уәкiлеттi компания үлескерлермен жасалған, тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартта айқындалған талаптарда тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысы үшiн енгiзiлген ақшаға билiк етедi және мыналар:

1) үлескерлер ақшасының нысаналы және уақтылы пайдаланылуы;

2) объектiнi салу кезiнде нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарын сақтау;

3) пайдаланылатын құрылыс материалдарының, конструкциялардың, жабдықтардың сапасы және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу;

4) объектiнi пайдалануға тапсыру мерзiмдерi;

5) үлескерге оның үлесiн беру үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартта көзделген жауаптылықта болады.

3. Уәкiлеттi компания қойылған бiлiктiлiк талаптары арқылы мердiгердi (бас мердiгердi) таңдау үшiн жауапты болады.

4. Уәкiлеттi компания үлескердi кезектi төлемдi төлемегенi туралы пошта арқылы хабардар етуге мiндеттi. Мұндай хабарлама салым тiзiмдемесiмен тапсырыс хатпен жүзеге асырылуы немесе үлескерге қолхатпен жеке өзiне тапсырылуы тиiс.

Үлескердiң шарттық мiндеттемелердi орындаудан бас тарту фактiсiн тану үшiн төлемдi (төлемдердi) кешiктiрудiң жалпы мерзiмi кемiнде үш ай болатын төлемдi (төлемдердi) төлемегенi туралы кемiнде үш хабарламаның болғаны белгiленуi қажет.

5. Үлескер кезектi төлемдi төлемеген және тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт талаптарына сәйкес осы баптың 4-тармағында айқындалған мерзiм iшiнде жазбаша өтiнiш бермеген жағдайда, уәкiлеттi компания мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдауға:

1) кейiннен талап ету құқығын басқаға берудi ресiмдеуде жәрдем көрсете отырып (бұрынғы үлескерге енгiзiлген ақшаларын қайтара отырып), үшiншi тұлғадан осындай үлестi төлеуге арналған қаржыландыруды (ақшаларды) қабылдап алуға;

2) шартты бұзуға және үлестi үшiншi тұлғаға өткiзуге және сатудан түскен ақшаны тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) пайдалануға қабылдап алған күннен бастап үш ай iшiнде үлескерге қайтарып беруге не бұрынғы үлескер осы ақша үшiн жүгiнгенге дейiн оның банктiк шотта сақталуын қамтамасыз етуге құқылы.

17-бап. Тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестi беру

1. Уәкiлеттi компания үлескердiң салынған тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлесiн оған тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартта көзделген мерзiмнен кешiктiрмей беруге мiндеттi.

2. Уәкiлеттi компания үлескерге оның тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлесiн берудi салынған тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) пайдалануға қабылдау актiсiне қол қойылғаннан кейiн жүзеге асырады.

3. Салынған тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) пайдалануға қабылдау актiсiне қол қойылғаннан кейiн уәкiлеттi компания үлескерлерге тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестерiн беру жөнiндегi мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауға құқылы.

4. Уәкiлеттi компания тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа сәйкес тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының аяқталғаны туралы және үлестiң беруге дайын екендiгi туралы үлескерге хат жiберуге, сондай-ақ үлескердi үлестi қабылдап алу қажеттiгi туралы және үлескердiң тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартта көзделген әрекетсiздiгiнiң салдарлары туралы алдын ала ескертуге мiндеттi. Хат тапсырыс хатпен және пошта жөнелтiлiмiн адресаттың алғаны туралы хабарламамен пошта арқылы жiберiлуге немесе үлескерге қолхатпен жеке өзiне табыс етiлуге тиiс.

5. Уәкiлеттi компанияның тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының аяқталғаны туралы және тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестiң беруге дайын екендiгi туралы жазбаша хабарламасын алған үлескер тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартта көзделген мерзiмде немесе, егер мұндай мерзiм белгiленбеген болса, көрсетiлген хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде оны қабылдауға кiрiсуге мiндеттi.

6. Жұмыс нәтижелерiн қабылдау уақытында ондағы жобалау-сметалық құжаттамадан және тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттан керi шегiнулердi анықтаған үлескер уәкiлеттi компаниядан тараптармен келiсiлген мерзiмде анықталған кемшiлiктердi жоюды талап етуге құқылы.

5-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҮЛЕСТIК ҚАТЫСУ ТӘРТIБI

ЖӘНЕ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI

18-бап. Үлестiк тұрғын үй құрылысын ұйымдастыру кезiнде екiншi деңгейдегi банктiң жобаға қатысуы тәсiлiмен немесе тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың)қаңқасы тұрғызылғаннан кейiн үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат беру тәртiбi

1. Уәкiлеттi компания үлескерлердiң ақшасын тартуды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсатының негiзiнде жүзеге асырады.

2. Үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат беру "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

3. Үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат алу үшiн құрылыс салушы және уәкiлеттi компания жергiлiктi атқарушы органға осы Заңның 9-бабының 1 және 3-тармақтарында және 10-бабының 1 және 3-тармақтарында көрсетiлген талаптарға сәйкестiгiн растайтын құжаттардың көшiрмелерiн қоса бере отырып, өтiнiш жiбередi.

4. Жергiлiктi атқарушы орган құрылыс салушыдан және уәкiлеттi компаниядан осы баптың 3-тармағында көрсетiлген құжаттарды алған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат не жазбаша уәждi бас тартуын жiберуге мiндеттi.

5. Құрылыс салушының және (немесе) уәкiлеттi компанияның осы Заңның 9-бабының 1 және 3-тармақтарында және 10-бабының 1 және 3-тармақтарында белгiленген бiр немесе бiрнеше талапқа сәйкес келмеуi жергiлiктi атқарушы органның үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат беруден бас тартуы үшiн негiз болып табылады.

6. Құрылыс салушы және уәкiлеттi компания үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат беруден уәждi бас тартуға сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.

7. Құрылыс салушы және уәкiлеттi компания уәждi бас тартуда көрсетiлген ескертулердi жойғаннан кейiн үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат алуға қайта жүгiнуге құқылы.

8. Үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсатты жергiлiктi атқарушы орган тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) пайдалануға беруге дейiн оның құрылысының бүкiл кезеңiне бередi.

9. Үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру және одан айыру "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

19-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастырудың ерекшелiктерi

1. Тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылыс-монтаждау жұмыстары құнының кездейсоқ қымбаттау тәуекелiн, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, мердiгер (бас мердiгер) көтередi.

2. Мердiгер (бас мердiгер), егер өзiне байланысты емес себептер бойынша құрылыс монтаждау жұмыстарының құны сметадан кемiнде он пайыздан асып түссе, сметаны қайта қарауды талап етуге құқылы. Бұл жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстары құнының сметадан он пайыздан асатын сомада кездейсоқ қымбаттау тәуекелiн уәкiлеттi компания көтередi.

3. Мердiгердiң (бас мердiгердiң) жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес мердiгерлiк шарты бойынша орындаған жұмысы үшiн төлемдер төлеу инжинирингтiк компания растаған орындалған жұмыстар актiлерi негiзiнде уәкiлеттi компанияның банктiк шотынан жүргiзiледi.

4. Уәкiлеттi компания үлескерлердiң ақшасын тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың құрылыс мақсаттарына пайдалануды осы Заңның 20-бабында көзделген талаптарды ескере отырып жүзеге асырады.

5. Аяқталмаған құрылыстың меншiк иесi уәкiлеттi компания болып табылады.

6. Құрылыс салушының және уәкiлеттi компанияның банктiк қарызды тартуынан және Кепiлдiк беру қорынан кепiлдiк алуынан басқа, олардың өзге мiндеттемелерi бойынша аяқталмаған құрылыспен азаматтық-құқықтық мәмiлелерге тыйым салынады.

7. Мердiгер (бас мердiгер), құрылыс салушы және уәкiлеттi компания кепiлдiк мерзiмi iшiнде жобалау-сметалық құжаттамада көрсетiлген тұрғын үй (тұрғын ғимарат) көрсеткiштерi сапасының сақталуына және тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа сәйкес тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) пайдалану мүмкiндiгiне кепiлдiк бередi.

8. Құрылыс салушы және уәкiлеттi компания жылдық қаржылық есептiлiктiң аудитiн жүргiзуге мiндеттi.

9. Уәкiлеттi компания тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестiң алаң бiрлiгiн жобалау құнының тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) жалпы алаңына арақатынасымен айқындалатын құннан төмен емес өткiзуге мiндеттi.

10. Құрылыс салушы уәкiлеттi компанияның мiндеттемелерi бойынша субсидиарлық жауаптылықта болады.

11. Уәкiлеттi компанияның осы Заңның 9 және 10-баптарында көзделген тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысын аяқтау бойынша мiндеттемелерiн орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы оның тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) пайдалануға қабылдау мерзiмiн бұзуы болып табылады. Құрылыс мерзiмiн құрылыс объектiсiнiң жобалау-сметалық құжаттамасында көрсетiлген мерзiмнен әрқайсысы үш айдан үш мәрте созуға жол берiледi.

20-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуда ақшаны мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету

1. Тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысына бағытталған ақшаны мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында уәкiлеттi компания және мердiгер (бас мердiгер) екiншi деңгейдегi бiр банкте ғана бiреуден аспайтын банктiк шот ашуға мiндеттi.

2. Уәкiлеттi компанияның банктiк шотынан ақшаны пайдалану банктiк шот шартының талаптарына сәйкес, инжинирингтiк компания растаған орындалған жұмыс актiсi негiзiнде осы баптың 8-тармағына сәйкес қаржыландыру мақсаттары үшiн жүзеге асырылады.

3. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметтi Кепiлдiк беру қорының кепiлдiгiн алу тәсiлiмен жүзеге асырған кезде банктiк шот осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларына сәйкес уәкiлеттi компанияның ақшасын, тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестi төлеуге алынған ақшаны, қарыз қаражатын (болған жағдайда) орналастыру және ақшаны жобалау-сметалық құжаттамаға сай орындалған жұмыстар актiлерiне сәйкес жұмсау үшiн пайдаланылады.

4. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметтi жобаға екiншi деңгейдегi банктiң қатысуы тәсiлiмен жүзеге асырған кезде банктiк шот тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестi төлеуге алынған ақшаны орналастыру және пайдалану және ақшаны жобалау-сметалық құжаттамаға сай орындалған жұмыстар актiлерiне сәйкес жұмсау үшiн пайдаланылады.

5. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметтi тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейiн үлескерлердiң ақшасын тарту тәсiлiмен жүзеге асырылған кезде банктiк шот уәкiлеттi компанияның тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестi төлеуге алынған ақшасын орналастыру және ақшаны жобалау-сметалық құжаттамаға сай орындалған жұмыстар актiлерiне сәйкес жұмсау үшiн пайдаланылады.

6. Уәкiлеттi компания:

1) осы Заңның талаптарына сәйкес енгiзiлген меншiктi ақша;

2) тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестi төлеуге алынған ақша, оның iшiнде әрбiр үлескерден түскен түсiмдер бөлiнiсiнде;

3) тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын қаржыландыру мақсатында ұсынылған қарыз қаражаты (болған жағдайда) бөлiнiсiнде банктiк шот бойынша ақшаны есепке алуды қамтамасыз етедi.

7. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы жасалған шарт үлескердiң ақшасын тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестердi төлеу есебiне аудару үшiн негiз болып табылады.

8. Уәкiлеттi компанияның ақшаны мақсатына қарай жұмсауды сақтауы оларды:

1) құрылыс-монтаждау жұмыстарына, жобаны басқаруға арналған шығындарға, авторлық және техникалық қадағалауларға;

2) банктiк шоттар бойынша комиссияға және банктiк қарызға қызмет көрсету бойынша сыйақыны төлеуге;

3) уәкiлеттi компанияның тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысымен және жобаны iске асырумен байланысты өзге де шығыстарына, жобалық құнының бес пайызынан аспайтын мөлшерде, оның iшiнде жарнама бойынша шығыстарға, басқарушылық персоналды ұстау бойынша шығыстарға, коммуналдық қызметтерге, телекоммуникациялық қызметтерге, офистi жалдауға байланысты шығындарға, сапаны бақылау жөнiндегi техникалық паспорттарды дайындау, зертханалық сынақтар бойынша шығыстарға, салықтарға және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерге, мiндеттi зейнетақы жарналары және мiндеттi кәсiби зейнетақы жарналары, Әлеуметтiк медициналық сақтандыру қорына мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жарналары төлемдерiне пайдалануымен қамтамасыз етiледi.

9. Уәкiлеттi компания мен оның мердiгерiнiң (бас мердiгерiнiң) арасындағы тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) пайдалануға қабылданғанға дейiнгi ақшалай өзара есеп айырысулар тек банктiк шот арқылы ғана жүзеге асырылады.

10. Үлескерлер ақшасының мақсатсыз пайдаланылуы анықталған жағдайда, инжинирингiк компания үш жұмыс күнi iшiнде Кепiлдiк беру қорын, жергiлiктi атқарушы органды немесе екiншi деңгейдегi банктi (тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру тәсiлiне қарай) хабардар етедi.

11. Уәкiлеттi компанияның банктiк шотта орналастырылған ақшасы салынып жатқан тұрғын үй (тұрғын ғимарат) пайдалануға қабылданғанға дейiн құрылыс салушының немесе уәкiлеттi компанияның осы Заңда көзделмеген үшiншi тұлғалармен өзге де азаматтық-құқықтық мәмiлелерiнiң нысанасы бола алмайды.

21-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы инжинирингтiк компаниялар және аттестатталған сарапшылар қызметiнiң ерекшелiктерi

1. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы инжинирингiк компания, аттестатталған сарапшылар қызметi сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында инжинирингтiк қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Инжинирингтiк компания құрылыс барысына және үлескерлер ақшасының мақсатына қарай пайдалануына мониторингтi, жобалау құны шеңберiнде орындалған жұмыс көлемiн тексерудi жүзеге асырады.

3. Инжинирингтiк компания Кепiлдiк беру қорына, екiншi деңгейдегi банкке немесе жергiлiктi атқарушы органға (тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру тәсiлiне қарай) тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысының барысын мониторингтеу нәтижелерi туралы есептi уәкiлеттi орган бекiткен нысанға сәйкес ай сайын ұсынуға мiндеттi.

4. Инжинирингтiк компанияның басшылары мен аттестатталған сарапшылар құрылыс жобасы бойынша инжинирингтiк қызметтер көрсету үшiн Кепiлдiк беру қорының, құрылыс салушының, уәкiлеттi компанияның, осы құрылыс жобасы мердiгерiнiң (бас мердiгерiнiң) басшыларына қатысты үлестес болмауға тиiс.

5. Инжинирингтiк компанияның басшылары мен аттестатталған сарапшылар, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, құпиялылықты, қызметтiк және коммерциялық құпияны сақтауға мiндеттi.

6. Аттестатталған сарапшыға:

1) егер аттестатталған сарапшы осы құрылыс жобасының жобалау-сметалық құжаттамасын әзiрлеуге қатысқан болса, инжинирингтiк қызметтер көрсетудi жүзеге асыруға;

2) құрылыс салушымен немесе уәкiлеттi компаниямен және тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысудың өзге де қатысушыларымен еңбек, қаржылық немесе басқа да тәуелдi қатынастарда болуға тыйым салынады.

7. Инжинирингтiк компания мынадай талаптарға сәйкес болуға мiндеттi:

1) тапсырыс берушiлердiң көрсетiлген инжинирингтiк қызметтер туралы кемiнде үш пiкiрiн ұсына отырып, Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға берiлген құрылыс объектiлерi бойынша инжинирингтiк қызметтер көрсету тәжiрибесi болуы тиiс;

2) өз құрамында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында инжинирингтiк қызметтер көрсетудi жүзеге асыруға құқығы бар кемiнде үш аттестатталған сарапшы болуы тиiс;

3) штатында ақшаның мақсатты пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру үшiн маман (мамандар) болуы тиiс.

8. Инжинирингiк компания тараптардың келiсiмiмен айқындалатын мiндеттемелерiн орындау бойынша өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыруды жүзеге асыруға құқылы.

22-бап. Уәкiлеттi компания ұсынатын ақпарат

1. Уәкiлеттi компания тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартты жасасу мақсатында жүгiнген жеке және заңды тұлғаларға танысу үшiн мынадай:

1) құрылыс салушының және уәкiлеттi компанияның атауы мен заңды мекенжайы туралы;

2) мемлекеттiк тiркеудi (қайта тiркеудi) растайтын анықтаманың болуы туралы;

3) Кепiлдiк беру қорымен жасасқан кепiлдiк беру туралы шарттың болуы және тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу Кепiлдiк беру қорынан кепiлдiк алу тәсiлiмен ұйымдастырылған жағдайда, оның негiзгi шарттары туралы;

4) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу жобаға екiншi деңгейдегi банктiң қатысуы тәсiлiмен немесе тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейiн үлескерлердiң ақшасын тарту тәсiлiмен ұйымдастырылған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсатының болуы туралы;

5) құрылыс салушы өткiзген тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) құрылысы жобалары туралы;

6) құрылысы болжанатын тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы объектiсi туралы;

7) уәкiлеттi компанияның жер учаскесiне тиiстi құқығын растайтын құжаттың болуы туралы ақпаратты ұсынады.

2. Құрылыс объектiсi туралы ақпарат:

1) құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаны;

2) жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес объектiнiң орналасқан жерiнiң көрсетiлуiн және сипаттамасын;

3) оның аяқталу мерзiмдерi туралы мәлiметтердi;

4) мердiгердiң (бас мердiгердiң) атауын, осы саладағы жұмыс тәжiрибесiн, лицензиясының бар-жоғын, өзi мердiгер (бас мердiгер) ретiнде әрекет етiп, пайдалануға тапсырылған құрылыс объектiлерi туралы ақпаратты қоса алғанда, ол туралы негiзгi мәлiметтердi қамтиды.

3. Уәкiлеттi компания өзiнiң интернет-ресурсында:

1) объектiнiң атауы және оның орналасқан жерi;

2) айына бiр реттен сиретпей жаңартылатын фотоесеппен расталған құрылыс барысы;

3) құрылыстың аяқталу мерзiмдерi туралы мәлiметтердi орналастырады.

4. Уәкiлеттi компания осы Заңда белгiленген ақпаратты толық және анық бермеген жағдайда, үлескер тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгiнуге құқылы.

23-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыруға байланысты жарнаманың ерекшелiктерi

Құрылыс салушы және (немесе) уәкiлеттi компания тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттар Кепiлдiк беру қорымен кепiлдiк беру туралы шарт жасалғаннан немесе жергiлiктi атқарушы орган үлескерлердiң ақшасын тартуға рұқсат бергеннен кейiн ғана жасалатындығын көрсете отырып, тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасының жарнамасын жүзеге асыруға құқылы. Жарнамада құрылыс салушы және уәкiлеттi компания туралы ақпарат қамтылуға тиiс.

6-тарау. КЕПIЛДIК БЕРУ ҚОРЫ

24-бап. Кепiлдiк беру қоры

1. Кепiлдiк беру қоры өз қызметiн осы Заңның, жарғының және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң негiзiнде жүзеге асырады.

2. Тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтауға кепiлдiктер беру Кепiлдiк беру қорының негiзгi қызмет түрi болып табылады.

3. Кепiлдiк беру қорының қызметiн қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету кепiлдiк жарналар және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.

4. Кепiлдiк беру қорының органдары:

1) акционерлердiң жалпы жиналысы — жоғары орган;

2) директорлар кеңесi — басқару органы;

3) басқарма — атқарушы орган болып табылады.

Кепiлдiк беру қорында оның жарғысына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкiн.

25-бап. Кепiлдiк беру қорының мiндеттерi мен функциялары

1. Кепiлдiк беру қорының негiзгi мiндеттерi:

1) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуға кепiлдiк беру жүйесiнiң тұрақтылығы мен тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету;

2) кепiлдiк беру жағдайы басталған кезде үлескерлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау;

3) үлестiк тұрғын үй құрылысының нарығын ынталандыру мақсатында жүзеге асырылатын өзге де мiндеттер болып табылады.

2. Кепiлдiк беру қоры негiзгi мiндеттердi орындау үшiн мынадай функцияларды орындайды:

1) құрылыс салушының және оның уәкiлеттi компаниясының Кепiлдiк беру қорының кепiлдiгiн алу тәсiлiмен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру жөнiндегi өтiнiмiн қарайды;

2) кепiлдiк беру жағдайы басталған кезде тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтауға, пайдалануға қабылдауға және үлескерлерге тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестердi беруге кепiлдiк бередi;

3) инжинирингтiк компанияның есептерiне талдау жүргiзедi;

4) кепiлдiк жарналары есебiнен кепiлдiк жағдайларын реттеуге арналған резервтi қалыптастырады және басқарады;

5) Кепiлдiк беру қорының құзыретiне жататын мәселелер бойынша тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысудың қатысушыларымен және жергiлiктi атқарушы органдармен өзара iс-қимыл жасайды;

6) осы Заңда айқындалған мiндеттердi орындау үшiн өзге де функцияларды жүзеге асырады.

26-бап. Кепiлдiк беру қорының құқықтары мен мiндеттерi

1. Кепiлдiк беру қоры:

1) объектiге келудiң болжамды күнiне дейiн бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей уәкiлеттi компанияны алдын ала хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасының еңбектi қорғау және қауiпсiздiк техникасы жөнiндегi заңнамасы талаптарын сақтап, құрылыс объектiсiнiң аумағына кедергiсiз кiруге;

2) құрылыс салушыдан, уәкiлеттi компаниядан тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысы бойынша, оның iшiнде құрылыс барысы, тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы жасалған шарттар туралы кез келген ақпаратты және осы Заңда айқындалған функцияларды жүзеге асыру үшiн қажеттi өзге де ақпаратты сұратуға;

3) жобалау-сметалық құжаттамадағы өзгерiстердi келiсуге;

4) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес құрылыс салушыға — борышкерге қатысты әкiмшi — уақытша басқарушы, уақытша әкiмшi (өкiлi арқылы) функцияларын жүзеге асыруға;

5) құрылысты аяқтау жөнiндегi өз шығыстарын өтеу үшiн тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) өткiзiлмеген үлестердi, сондай-ақ уәкiлеттi компанияның дауыс беретiн акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сатуды ұйымдастыруға;

6) осы Заңның 32-бабының 3-тармағында айқындалған негiздер бойынша кепiлдiк беру туралы шартты жасасудан бас тартуға;

7) кепiлдiк беру жағдайы басталған кезде, тұрғын үй (тұрғын ғимарат) пайдалануға қабылданғаннан кейiн құрылыс салушыға, уәкiлеттi компанияға Кепiлдiк беру қорының тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтауға жұмсалған шығыстарын өтеу туралы талап қоюға;

8) осы Заңда айқындалған мақсаттар мен мiндеттерге қайшы келмейтiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқылы.

2. Кепiлдiк беру қоры:

1) кепiлдiк беру жағдайы басталған кезде тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысын аяқтау жөнiнде iс-шаралар ұйымдастыруға;

2) өтiнiм оң нәтижемен қаралған кезде уәкiлеттi компаниямен және құрылыс салушымен кепiлдiк беру туралы шарт жасасуға;

3) құрылыс барысын бақылауды, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердiң сақталуын, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес ақшаның нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету үшiн тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласында инжинирингтiк қызмет көрсету үшiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес инжинирингтiк компаниямен шарт жасасуға;

4) кепiлдiк беру туралы шарттар тiзiлiмiн жүргiзуге;

5) құрылыс салушының, уәкiлеттi компанияның және инжинирингтiк компанияның Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасының талаптарын бұзуы фактiлерi туралы бұзушылық анықталған кезден бастап бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей жергiлiктi атқарушы органға хабарлауға;

6) тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының барысы туралы ақпаратты, оның iшiнде инжинирингтiк компанияның есептерiн өзiнiң интернет-ресурсында орналастыруға;

7) Кепiлдiк беру қорының iшкi құжаттарында айқындалған тәртiппен өзiнiң интернет-ресурсында қазақ және орыс тiлдерiнде кепiлдiк беру туралы шарттардың тiзiлiмiн ай сайын жариялап отыруға;

8) кепiлдiк беру процесiн айқындайтын құжаттарды өзiнiң интернет-ресурсында орналастыруға;

9) тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылыс жобасы бойынша құжаттарды тексеру кезеңiнде сметалық құжаттамаға бағалау жүргiзуге мiндеттi.

27-бап. Кепiлдiк беру қорының жарғысы

1. Кепiлдiк беру қорының жарғысында:

1) Кепiлдiк беру қорының атауы, оның iшiнде ұйымдық-құқықтық нысаны, қызметiнiң нысанасы мен мақсаттары;

2) Кепiлдiк беру қорының заңды мекенжайы;

3) Кепiлдiк беру қоры басқару органдарының құрылымы, оны қалыптастыру тәртiбi мен құзыретi;

4) Кепiлдiк беру қоры мүшелерiнiң (қатысушыларының) құқықтары мен мiндеттерi;

5) Кепiлдiк беру қорының мүлкiн қалыптастыру көздерi;

6) Кепiлдiк беру қорын қайта ұйымдастыру және қызметiн тоқтату шарттары;

7) дауыс беру рәсiмi, дивиденттердi төлемеу туралы ережелер және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген басқа да талаптар көзделуге тиiс.

28-бап. Кепiлдiк беру қорына қойылатын талаптар

1. Кепiлдiк беру қоры қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсаттары үшiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген капиталдың жеткiлiктiлiк нормативiн сақтайды.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген норматив мәнiнiң нашарлау жағына қарай күтiлетiн өзгерiсi және шектi мәнiне жетуi кезiнде Кепiлдiк беру қорының жарғылық капиталы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген рәсiмдерге сәйкес ұлғайтылуға тиiс.

3. Кепiлдiк беру қоры тәуекелдердi басқару және iшкi бақылау жүйесiн қалыптастырады.

4. Кепiлдiк беру қорының бағдарламалық-техникалық құралдары және негiзгi қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi өзге де жабдығы болады.

5. Кепiлдiк беру қоры капитал жеткiлiктiлiгiнiң нормативiн есептеу үшiн:

1) Кепiлдiк беру қорының меншiктi капиталын;

2) тәуекел дәрежесi бойынша өлшенген шартты мiндеттемелердi (берiлген кепiлдiктер бойынша мiндеттемелердi) пайдаланады.

6. Капитал жеткiлiктiлiгiнiң нормативi меншiктi капиталдың тәуекел дәрежесi бойынша өлшенген шартты мiндеттемелерге арақатынасы ретiнде есептеледi.

7. Капитал жеткiлiктiлiгi нормативiнiң шектi мәнi кемiнде 0,05 құрауы тиiс.

8. Капитал жеткiлiктiлiгi нормативiнiң мәнiн есептеу үшiн қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарына сәйкес дайындалған шоғырландырылған қаржылық есептiлiк пайдаланылады.

9. Кепiлдiк беру қоры жылдық қаржылық есептiлiктiң аудитiн жүргiзуге мiндеттi.

29-бап. Кепiлдiк беру қорының кепiлдiк беру жағдайларын реттеуге арналған резервi

1. Осы Заңда көзделген тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) құрылысын аяқтау бойынша кепiлдiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру үшiн Кепiлдiк беру қоры кепiлдiк беру жағдайларын реттеуге арналған резервтi:

1) уәкiлеттi компаниялардың кепiлдiк жарналарының бiр бөлiгi;

2) тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) құрылысын аяқтау бойынша төлемдер бойынша талаптарды қанағаттандыру тәртiбiмен Кепiлдiк беру қоры алған ақша;

3) Кепiлдiк беру қорының активтерiн қаржылық құралдарға (депозиттер, бағалы қағаздар және басқалары) инвестициялаудан алынған инвестициялық кiрiстiң бiр бөлiгi есебiнен қалыптастырады.

2. Кепiлдiк беру жағдайларын реттеуге арналған резерв қаражаты Кепiлдiк беру қорының кепiлдiк беру туралы шарттары бойынша мiндеттемелерiн орындаумен байланысты шығыстарды жүзеге асыру мақсатында ғана пайдаланылуы мүмкiн.

3. Кепiлдiк беру жағдайларын реттеуге арналған резервтi қалыптастыруға, есептеу әдiстемесiне және нысаналы мөлшерiне қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.

4. Кепiлдiк беру жағдайларын реттеуге арналған резерв қаражаты жеткiлiксiз болған кезде Кепiлдiк беру қоры жарғылық капитал қаражатын пайдалануға құқылы.

30-бап. Кепiлдiк жарна

1. Кепiлдiк жарна бiр мезгiлде төленедi.

Кепiлдiк жарнасы уәкiлеттi орган бекiткен Кепiлдiк жарнасының мөлшерiн айқындау әдiстемесiне сәйкес белгiленедi.

2. Уәкiлеттi компания кепiлдiк беру туралы шартқа сәйкес төлеген кепiлдiк жарнасы қайтаруға жатпайды.

3. Жобалау-сметалық құжаттаманың кешендi ведомстводан тыс сараптамасының нәтижелерi бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары құнының артуына байланысты жобалық құн кепiлдiк беру туралы шарттың қолданысы iшiнде он және одан көп пайызға қымбаттаған кезде кепiлдiк жарнасының сомасы қайта қаралуға жатады.

7-тарау. КЕПIЛДIК БЕРУ ҚОРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА

ҮЛЕСТIК ҚАТЫСУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI

31-бап. Кепiлдiк беру туралы шарт жасасуға өтiнiм

1. Құрылыс салушы мен уәкiлеттi компания тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын үлескерлердiң ақшасын тарту есебiнен жүзеге асыру үшiн Кепiлдiк беру қорына кепiлдiк беру туралы шартты жасасу туралы өтiнiммен жүгiнедi. Өтiнiмдi қарауды Кепiлдiк беру қоры уәкiлеттi орган бекiткен және Кепiлдiк беру қорының интернет-ресурсында орналастырылған кепiлдiк беру туралы шартты жасасу үшiн тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды қарау тәртiбiне сәйкес жүзеге асырады.

2. Өтiнiмге:

1) құрылыс салушының және уәкiлеттi компанияның құрылтай құжаттары;

2) құрылыс салушының осы Заңның 8-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар;

3) уәкiлеттi компанияның осы Заңның 8-бабының 3-тармағында көзделген талаптарды орындағанын растайтын құжаттар;

4) өтiнiмдi қарағаны үшiн комиссия төлегенi туралы құжат;

5) құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама;

6) құрылыс жобасын қаржыландыру жоспары қоса берiледi.

32-бап. Өтiнiмдi қарау

1. Кепiлдiк беру қорының өтiнiмдi қарауы мынадай:

1) тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеру;

2) кепiлдiк беру туралы шартты жасасу не жасасудан бас тарту туралы шешiм қабылдау кезеңдерiн көздейдi.

2. Кепiлдiк беру қорының кепiлдiк беру туралы шартты жасасу не жасасудан уәждi бас тарту туралы шешiмi ұсынылған құжаттарды тексеру нәтижелерiне негiзделедi.

3. Кепiлдiк беру қоры кепiлдiк беру туралы шартты жасасудан мынадай негiздердiң бiрi немесе бiрнешеуi бойынша бас тартуға мiндеттi:

1) құрылыс салушының, уәкiлеттi компанияның осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес келмеуi;

2) құрылыс салушының, уәкiлеттi компанияның Кепiлдiк беру қорымен осы баптың 5-тармағында көрсетiлген шарттарды уақтылы жасаспауы;

3) салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша өтiнiм беру күнiне 6 еселенген айлық есептiк көрсеткiштен көп мөлшерде өтелмеген берешегiнiң болуы;

4) құрылыс салушыға, уәкiлеттi компанияға қатысты оңалту немесе банкроттық туралы iс жүргiзудi қозғау туралы сот шешiмдерiнiң болуы;

5) уәкiлеттi орган бекiткен тәртiппен тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасы бойынша құжаттарды тексеру нәтижелерi.

4. Өтiнiмдi қарау мерзiмi құрылыс салушы мен уәкiлеттi компания кепiлдiк беру туралы шартты жасасу туралы жүгiнген күннен бастап он бес жұмыс күнiнен аспауға тиiс. Қаралатын өтiнiм бойынша ескертулер болған кезде Кепiлдiк беру қоры ескертулердi жою үшiн бес жұмыс күнiнен аспайтын мерзiм белгiлей отырып, тиiстi құжаттарды пысықтауға жiберуге құқылы. Бұл ретте өтiнiмдi қарау мерзiмi тоқтатыла тұрады.

5. Кепiлдiк беру қоры кепiлдiк беру туралы шартты жасасу жөнiнде шешiм қабылдаған кезде үлестiк тұрғын үй құрылысында инжинирингтiк қызметтер көрсету туралы шарт, уәкiлеттi компаниямен осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген аяқталмаған құрылыс объектiсiмен бiрге жер учаскесiнiң кепiлге қою шарты, уәкiлеттi компанияның дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) кепiлге қою шарты, уәкiлеттi компанияның құрылыс салушымен дауыс беретiн акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сенiмгерлiк басқару шарты кепiлдiк беру туралы шарт жасалғанға дейiн жасалуға тиiс.

Бұл ретте тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт, тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы, сондай-ақ мердiгерлiк шарты кепiлдiк беру туралы шарттың ажырамас бөлiктерi болып табылады.

33-бап. Тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын салу жобасы бойынша құжаттарды тексеру

1. Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды тексеру құрылыс салушының және уәкiлеттi компанияның осы Заңның 8-бабында белгiленген талаптарға сәйкестiгiн бағалау мақсатында жүргiзiледi.

2. Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды тексеру жүргiзiлу тәртiбi осы Заңда белгiленген қаржылық және заңдық бағалауды қамтиды.

3. Қаржылық бағалау:

1) қаржылық есептiлiктi талдауды, уәкiлеттi компанияның және құрылыс салушының қаржылық жай-күйiн сипаттайтын негiзгi көрсеткiштердi есептеудi;

2) жобаны қаржыландыру көздерiн талдауды;

3) уәкiлеттi компанияның баға саясатының барабарлығын талдауды;

4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтiк құжаттарға сәйкес аяқталмаған объектiдегi орындалған жұмыстарды салыстыруды көздейдi.

Актiлер бойынша орындалған жұмыстарды объектiде iс жүзiнде орындалған жұмыстармен салыстыру жұмыстардың орындалған көлемдерiн өлшегеннен және инжинирингтiк компания зертханалық зерттеулерсiз монтаждалған конструкцияларды ақаулықтардың бар-жоғы тұрғысынан зерттегеннен кейiн жүргiзiледi;

5) құрылысты аяқтау үшiн қажеттi жұмыстардың толықтығын бағалауды;

6) құрылыс бюджетiнiң (сметасының) негiздiлiгiн: құрылыстың көлемi мен құнын талдауды көздейдi.

4. Заңдық бағалау және жоба бойынша құқықтық, беделдiк тәуекелдердiң болуын (болмауын) анықтау:

1) құрылыс салушының және уәкiлеттi компанияның құқық белгiлейтiн құжаттарын шолу;

2) корпоративтiк басқару туралы құжаттарды, алқалы басқару органдарының шешiмдерiн және уәкiлеттi компанияның негiзгi сенiмхаттарын шолу;

3) уәкiлеттi компанияның осы Заңның 35-бабына сәйкес сенiмгерлiк басқаруға беруге болжанатын мүлкiне құқық белгiлейтiн құжаттарды талдау;

4) уәкiлеттi компанияның жарғылық капиталын қалыптастыру заңдылығын, қатысушылар (акционерлер) туралы мәлiметтердi, уәкiлеттi компанияның үлестес тұлғалары туралы мәлiметтердi талдау;

5) уәкiлеттi компания мен мердiгердiң (бас мердiгердiң) қажеттi рұқсат беру құжаттарының болуы;

6) уәкiлеттi компанияның мердiгермен (бас мердiгермен) жасасқан құрылыс мердiгерлiк шартының негiзгi ережелерiн талдау;

7) мүлiктiк сипаттағы сот талқылауларының болуы немесе болмауы;

8) ресми танылған көздерден уәкiлеттi компания мен құрылыс салушы туралы салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша берешектерiнiң болуы (болмауы) туралы ақпаратты зерделеу арқылы жүргiзiледi.

34-бап. Кепiлдiк беру туралы шарт

1. Кепiлдiк беру туралы шарт уәкiлеттi орган бекiткен үлгiлiк шарт негiзiнде жазбаша нысанда жасалады және кепiлдiк жарна төленген кезден бастап жасалған болып есептеледi.

2. Осы Заңның нормаларына сәйкес:

1) кепiлдiк объектiсi — шарт нысанасы;

2) кепiлдiк беру талаптары;

3) кепiлдiк жарна мөлшерi;

4) кепiлдiк беру жағдайы және кепiлдiк бойынша жауаптылық;

5) Кепiлдiк беру қорының мiндеттемелердi орындау тәртiбi;

6) Кепiлдiк беру қорының құқықтары мен мiндеттерi;

7) құрылыс салушының және уәкiлеттi компанияның құқықтары мен мiндеттерi;

8) құрылыс салушының және уәкiлеттi компанияның жауаптылығы кепiлдiк беру туралы шарттың мiндеттi талаптары болып табылады.

3. Кепiлдiк беру туралы жасалған шарт үлескерлердiң ақшасын тарту үшiн негiз болып табылады.

35-бап. Кепiлдiк беру туралы шарт бойынша мiндеттемелердi қамтамасыз ету

1. Кепiлдiк беру туралы шарт бойынша құрылыс салушының, уәкiлеттi компанияның мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн Кепiлдiк беру қоры уәкiлеттi компаниямен — аяқталмаған құрылыс объектiсiмен бiрге жер учаскесiнiң кепiл шартын, сондай-ақ құрылыс салушымен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес уәкiлеттi компанияның дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) кепiл шартын жасасады.

2. Кепiлдiк беру қорының кепiлдiк беру туралы шарт бойынша мiндеттемелердi орындауы мақсатында Кепiлдiк беру қоры құрылыс салушымен кейiнге қалдыру шартымен уәкiлеттi компанияның дауыс беретiн акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сенiмгерлiк басқару шартын жасасады. Мұндай сенiмгерлiк басқару шарты кепiлдiк беру жағдайы басталған жағдайда күшiне енедi.

3. Осы Заңның негiзiнде туындайтын кепiл шарттарынан шығатын қатынастарға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң ережелерi осы Заңда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып қолданылады.

4. Осы Заңға сәйкес кейiнге қалдыру шартымен дауыс беретiн акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сенiмгерлiк басқару шартының нысанасы болып табылатын мүлiкке ауыртпалықтар салуға, құрылыс салушының және уәкiлеттi компанияның қызметi шеңберiнде өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi.

5. Осы Заңға сәйкес кейiнге қалдыру шартымен сенiмгерлiк басқару шартының нысанасы болып табылатын мүлiк құрылыс салушы дәрменсiз болған жағдайда Қазақстан Республикасының "Оңалту және банкроттық туралы" Заңына сәйкес конкурстық массаға қосыла алмайды.

36-бап. Кепiлдiк беру қорымен өзара iс-қимыл жасау тәртiбi

1. Кепiлдiк беру қорымен кепiлдiк беру туралы жасалған шарт уәкiлеттi компанияның үлескерлермен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттарды жасасуы және үлескерлердiң ақшасын тартуға негiз болып табылады.

2. Инжинирингтiк қызметтер көрсетудi жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшiн Кепiлдiк беру қоры осы Заңның 21-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес келетiн инжинирингтiк компаниямен шарт жасасады.

3. Құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасына сәйкес мердiгерлiк шарты бойынша мердiгердiң (бас мердiгердiң) жұмыстарына алдын ала төлем жасау мынадай талаптардың бiрi ескерiле отырып уәкiлеттi компанияның банктiк шотынан жүргiзiледi және ол:

1) екiншi деңгейдегi банктiң мердiгердiң (бас мердiгердiң) уәкiлеттi компаниямен жасасқан мердiгерлiк шарты бойынша мiндеттемелерiн тиiсiнше орындауын қамтамасыз ету болып табылатын аванстық төлемдi қайтару бойынша кепiлдiгi болған кезде мердiгерлiк шартының құны мен осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген сомалар арасындағы айырмашылықтың жиырма бес пайызынан аспауға тиiс.

Алдын ала төлем орындалған жұмыстар актiлерiнiң негiзiнде тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының бүкiл процесi iшiнде жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес пропорционалды түрде өтелуге жатады.

2) қамтамасыз етiлмей, мердiгерлiк шартының құны мен осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген сомалар арасындағы айырмашылықтың бес пайызынан аспауы тиiс.

Келесi төлем осы Заңның 20-бабында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.

4. Мердiгердiң (бас мердiгердiң) мердiгерлiк шарты бойынша орындаған жұмыстарына аралық төлемдер төлеудi инжинирингтiк компания растаған орындалған жұмыстар актiсiнiң негiзiнде жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес уәкiлеттi компания банктiк шотынан жүргiзедi.

37-бап. Кепiлдiк беру жағдайы

1. Кепiлдiк беру қорының кепiлдiк беру жағдайының ықтимал басталуы туралы шешiмi:

1) тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысына мониторингтiң;

2) инжинирингтiк компанияның ай сайынғы және өзге де есептерiнiң;

3) уәкiлеттi компаниядан, уәкiлеттi органнан алынған ақпараттың;

4) үлескердiң (үлескерлердiң) жазбаша өтiнiштерiнiң нәтижелерi бойынша қабылданады.

2. Кепiлдiк беру жағдайының ықтимал басталуы туралы ақпарат келiп түскен кезде Кепiлдiк беру қоры:

1) уәкiлеттi компанияның тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысы бойынша мiндеттемелерiн орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы туралы ақпаратты ақпарат түскен күннен бастап он жұмыс күнiнен кеш емес мерзiмде тексерудi жүзеге асырады;

2) ақпарат келiп түскен күннен бастап үш жұмыс күнiнен кеш емес мерзiмде құрылыс салушыға және уәкiлеттi компанияға көрсетiлген ақпаратты түсiндiру туралы сұрау салу жiбередi.

Құрылыс салушы және уәкiлеттi компания Кепiлдiк беру қорының тиiстi сұрау салуы келiп түскен күннен бастап үш жұмыс күнiнен кеш емес мерзiмде растайтын құжаттарды қоса бере отырып, түсiндiрмелер, қарсылықтар (бар болған жағдайда) бередi.

3. Кепiлдiк беру жағдайының басталу фактiсi анықталған жағдайда, Кепiлдiк беру қоры үш жұмыс күнi iшiнде мынадай жағдайлардың бiрiн немесе бiрнешеуiн:

1) тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) пайдалануға қабылдау мерзiмiн бұзушылық. Құрылыс мерзiмiн құрылыс объектiсiнiң жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамада көрсетiлген мерзiмнен әрқайсысын үш айдан үш мәрте ұзартуға жол берiледi;

2) инжинирингтiк компания көрсетiлген фактiнi анықтаған күннен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi компанияның банктiк шотына құрылыс салушы және (немесе) уәкiлеттi компания, мердiгер (бас мердiгер) өтемеген ақшаны осы Заңның 20-бабының талаптарын бұза отырып пайдалануды;

3) құрылыс салушының дәрменсiздiгiн — тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысымен байланысты емес қызмет бойынша соттың заңды күшiне енген шешiмiмен белгiленген, құрылыс салушының "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған талаптарды толық көлемде қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiн кепiлдiк жағдайы деп тану туралы шешiм қабылдайды.

4. Уәкiлеттi компанияның тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысы бойынша мiндеттемелерiн орындамау немесе тиiсiнше орындамау фактiлерiн кепiлдiк беру жағдайы деп тану туралы оң шешiм болған кезде Кепiлдiк беру қоры шешiм қабылданғаннан кейiнгi келесi жұмыс күнiнен кешiктiрмей кепiлдiк беру жағдайының басталуы туралы хабарлайды. Хабарлау Кепiлдiк беру қорының интернет ресурсында және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабарландыру мәтiнiн орналастыру арқылы жүзеге асырылады.

38-бап. Кепiлдiк беру қорының кепiлдiк беру туралы шарт бойынша мiндеттемелердi орындау тәртiбi

1. Кепiлдiк беру қоры мынадай iс-шараларды жүзеге асырады:

1) уәкiлеттi органды, жергiлiктi атқарушы органды және тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуға қатысушыларды кепiлдiк беру жағдайының басталғандығы туралы хабардар етедi;

2) қолданыстағы құрылыс мердiгерлiк шартын бұзу және басқа бас мердiгермен шарт жасасу арқылы мердiгердi (бас мердiгердi) ауыстыру туралы шешiм қабылдайды;

3) құрылыс салушыны және уәкiлеттi компанияны уәкiлеттi компанияның дауыс беретiн акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сенiмгерлiк басқару шартының күшiне енуi туралы хабардар етедi;

4) уәкiлеттi компанияның басшылығын ауыстыру туралы шешiм қабылданған жағдайда, екiншi деңгейдегi банктi уәкiлеттi компанияның дауыс беретiн акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сенiмгерлiк басқару шартына сәйкес, тағайындау туралы растайтын құжаттарды, сондай-ақ уәкiлеттi компанияның екiншi деңгейдегi банктегi банктiк шотын жүргiзумен байланысты операцияларды жасау кезiнде төлем құжаттарына қол қоюға уәкiлеттiк берiлген адамдардың қолдарының үлгiлерi бар құжаттарды, жеке басын куәландыратын құжаттардың көшiрмелерiн қоса бере отырып, хабардар етедi;

5) уәкiлеттi компанияның меншiктi қаражаты жеткiлiксiз болған кезде төлемдiлiк, мерзiмдiлiк және қайтарымдылық шарттары бойынша Кепiлдiк беру қорының қаражаты есебiнен тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтауды қаржыландырады;

6) тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының аяқталу, оны пайдалануға қабылдау және үлескерлерге тұрғын үйдегi (тұрғын ғимараттағы) үлестерiн беру барысына одан әрi мониторинг жүргiзудi жүзеге асырады.

2. Кепiлдiк беру қорының шығындары уәкiлеттi компания қаражатының есебiнен толық өтелген жағдайда уәкiлеттi компанияның дауыс беретiн акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сенiмгерлiк басқару шартының қолданысы осы Заңның талаптарына сәйкес тоқтатылады.

3. Тұрғын үйдiң (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтау бойынша Кепiлдiк беру қорының қаражатын (шығындарын) өтеу үшiн уәкiлеттi компанияның қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда оларды өтеу жөнiндегi мiндеттi берешектiң тәуелсiз аудиторлық компанияның қорытындысымен олардың негiздiлiгi расталғаннан кейiн Кепiлдiк беру қорының алдындағы берешектi өтеу тәртiбi туралы шартты жасасу арқылы субсидиарлық жауапкершiлiкпен құрылыс салушы көтередi.

4. Осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген әрекеттер орындалғаннан кейiн берешектi өтеу тәртiбi туралы шарт бойынша тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысын аяқтау бойынша Кепiлдiк беру қорының қаражаттарын (шығындарын) өтеу үшiн құрылыс салушының қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда Кепiлдiк беру қоры Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес құрылыс салушының банкроттығы рәсiмiне бастамашылық жасайды.

5. Кепiлдiк беру қорының кепiлдiк беру туралы шартты тиiсiнше орындамағаны жөнiндегi талаптарына талап қоюдың ескiру мерзiмдерi қолданылмайды.

8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

39-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау

1. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу саласындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау тексеру нысанында жүзеге асырылады.

2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсiпкерлiк кодексiне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттiк бақылау мен қадағалаудың өзге нысаны осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

40-бап. Осы Заңның қолданылу тәртiбi

1. Осы Заңның қолданыс аясына жататын, ол қолданысқа енгiзiлгенге дейiн туындаған қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледi.

2. Жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту кезiнде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдалануға енгiзiлмеген тұрғын үйлердегi (тұрғын ғимараттардағы) үлестерге туындайтын олардың талап ету құқығына байланысты жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту осы Заң қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт негiзiнде ғана рұқсат етiледi.

41-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

2. Осы Заңда белгiленген талаптарды бұза отырып, тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу үшiн жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартатын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

42-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап:

"Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы" 2006 жылғы

7 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2006 ж., № 16, 101-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2009 ж., № 17, 79-құжат; № 23, 100-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 6, 50-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 144-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының

Президентi

Н.Назарбаев

© 2012. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК

Мақаланың шыққан күні: 27.10.2016 16:18
Парақтағы соңғы өзгерістер: 27.10.2016 16:18
Қаралым саны: 195
Модернизация 3.0 Модернизация 3.0 Модернизация 3.0 Модернизация 3.0
 
Сайттың әзірлеуші ИНТЕГРО Компаниясы
Яндекс.Метрика