AA

«Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi мамандарының болжамы бойынша 4 немесе одан көп баласы бар 340,3 мың отбасы көпбалалы болуына байланысты мемлекеттiк жәрдемақыға үмiткер бола алады. Айта кетерлiгi, аталған жәрдемақы енгiзiлгеннен бастап Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты алушылар саны да артуы мүмкiн.

Аталған мемлекеттiк жәрдемақыны енгiзу Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегi Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша ҚР Еңбекминi әзiрлеген атаулы әлеуметтiк көмек көрсетудiң жаңа тетiктерiнде (бұдан әрi — АӘК) көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негiзгi үш бағытының бiрi болып табылады. Таяуда ҚР Еңбекминi тиiстi заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қарауына енгiзудi жоспарлап отыр.

Жоғарыда аталған мемлекеттiк жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейiнгi күндiзгi бөлiмде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленедi деп жоспарлануда. Мемлекеттiк жәрдемақының мөлшерi бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға — 53 125 теңге, 6 балаға — 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленедi.

Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшерi әр балаға 10-11 мың теңгенi құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.

Айта кетерлiгi, Қазақстанда бүгiнде бала саны 7-ден асатын 3151 отбасы бар. «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденiмен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттiк жәрдемақы төленедi, олардың орташа мөлшерi 16 160 теңгенi құрайды. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша оны 235 мыңға жуық адам алады. Бұл мемлекеттiк жәрдемақының төленуi сақтала бермек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 7 қазанда ҚР Үкiметi отырысында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бiржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгiзу жоспарланып отырған АӘК көрсетудiң жаңа тетiктерiн таныстырған болатын.

«Ең басты принцип ¬– мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсiресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседi! Еңбекке қабiлеттi азаматтар жұмыс iстеуi керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседi. Мемлекеттiк көмекке — көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтiк көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға берiлетiн кепiлдендiрiлген әлеуметтiк пакет кiредi», — дедi Бiржан Нұрымбетов.

Министрдiң айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттiк жәрдемақылар енгiзу арқылы қамтамасыз етiлетiн болады. Бұл мемлекеттiк жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленедi.

АӘК табысы аз отбасыларға, соның iшiнде көпбалалы отбасыларға төленетiн болады. Ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң 70%-ы тағайындаудың шектi критерийi болып қала бередi. Егер еңбекке қабiлеттi отбасы мүшесi ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемi тек оған ғана емес, бүкiл отбасына да тоқтатылады

Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшiн кепiлдендiрiлген әлеуметтiк пакеттi енгiзу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейiнгi балаларды азық-түлiк жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейiнгi балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киiмiмен қамтамасыз етедi, сондай-ақ оларға мектепке дейiнгi жол жүру шығындары өтеледi. Медициналық, оның iшiнде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейiнгi балаларға тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi және мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру шеңберiнде көрсетiлетiн болады.

Мақаланы құрған күні 18.10.2019
Қаралым саны: 129
© 2019. «Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ